Көмір — оттегі болмаған жағдайда көне өсімдіктердің бөліктерінен түзілген пайдалы қазба. Қазақстанда көмір өнеркәсібі — ең дамыған салалардың бірі. Ол көмірді өңдеу мен өндіруді қамтиды. Республика аумағында әлемдік көмір қорының 3,3 %-ы шоғырланған. Көмір өнеркәсібі елдегі электр энергиясының 80 %-ын қамтамасыз етеді. Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде 8-орын алады. Республикада барлығы 10 бассейн, 155 кен орны бар.
Қазақстандағы және әлемдегі ең ірі көмір бассейндерінің бірі — Қарағанды көмір бассейні. Ол Қазақтың ұсақ шоқысының шегінде орналасқан. Көмір негізінен тас көмір. Көмір өндірудің негізгі орталықтары — Қарағанды, Сарань, Шахтинск.
Көмір өндірудің тағы бір ірі бассейні — Екібастұз көмір бассейні — Павлодар облысында орналасқан. Өндіру орталығы — Екібастұз. Көмір ашық әдіспен өндіріледі. Екібастұз көмірі республикадағы ең арзан болып табылады — 380–450 тг/т. Қазақстандағы көмір өнеркәсібіне бағалар өсуге қарай бағыт алуда.
Бүгінде Қазақстанда 33 көмір өндіруші компания жұмыс істейді. Олардың ең ірілері: «Богатырь Аксесс Көмір» ЖШС, «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ.
Перспективалы көмір кен орындарына ШҚО-дағы Алакөл мен Кендірлік, Қазақстанның батысындағы Мамыт, оңтүстік-шығыс Қазақстандағы Ойқарағай, Қостанай облысындағы Приозерное жатады. Ақтөбе облысында Биршоғыр мен Жайсан кен орындары ашылды. Жыл өткен сайын Қазақстанда көмір өнеркәсібі барған сайын жылдам дамып келеді, мұны жылу және электр энергиясына деген сұраныстың артуымен түсіндіруге болады. Экспорттың негізгі көлемі ТМД елдеріне, сондай-ақ Румыния, Польша, Түркияға тиесілі.
Қазақстанның өркендеуі ел экономикасының энергетикалық саласын тиімді пайдалануға байланысты.