Кілттерді Президенттің кеңесшісі — баспасөз хатшысы Айбек Смадияров тапсырды. Рәсім БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында өтті.
2019 жылдан бастап 28 маусым журналистердің кәсіби мерекесі ретінде ресми түрде аталып өтеді. Мемлекет басшысының бастамасымен БАҚ қызметкерлеріне төртінші жыл қатарынан тұрғын үй беріліп келеді.
Пәтер алғандар кімдер
Сертификаттар «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасының ақпараттық-талдау бағдарламалары қызметінің бас редакторы Гүлжазира Матеноваға, сол арнаның контент өндіру қызметінің атқарушы продюсері Гүлжайна Алтынбековаға және «Қазақпарат» — «Казинформ» МАА қазақ редакциясының аға талдаушысы Бақытжан Ербасовқа тапсырылды.
Сондай-ақ Qazaqstan, «Хабар», «Евразия» телеарналарының, «Qazcontent» және «Казмедиа» агенттіктерінің, Орталық коммуникациялар қызметінің, 7 арнаның қызметкерлері, Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда» және «Астана ақшамы» газеттерінің қызметкерлері де кілттер алды.
Өңірлерді қолдау
Биыл тұрғын үй Астанада ғана емес, Алматыда және елдің барлық өңірлерінде берілді. Пәтерге шынымен мұқтаж адамдарға басымдық берілді. Алушылардың жартысына жуығы техникалық және кіші әкімшілік персонал өкілдері.
Тұрғын үй он облыстық газеттің қызметкерлеріне және жеке басылымдардың, оның ішінде шалғай аудандардағы қызметкерлеріне берілді.
Барлығы 2024 жылы ел бойынша ақпарат саласының 66 қызметкері пәтер алды.