Кездесулер Eni S.p.A. компаниясының ғаламдық табиғи ресурстарды барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньятимен және Baker Hughes компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директоры Лоренцо Симонеллимен өтті.
Олжас Бектенов елде жаңа инвестициялық циклдің іске асырыла бастағанын хабарлады. Өткен жылы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 20 млрд доллардан асты, ал ағымдағы жылы 25,5 млрд доллардан астам қаражат тарту жоспарлануда.
Энергетиканың дамуы
Лука Виньятимен энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды. Жаңаөзенде қуаты 247 МВт гибридті электр станциясын салуға ерекше назар аударылды. Жоба төмен көміртекті технологияларды енгізуге және энергожүйенің тұрақтылығын арттыруға көмектесуі тиіс.
Мұнай-газ саласындағы локализация
Лоренцо Симонеллимен кездесуде Қазақстанда қосалқы бөлшектер өндірісін кеңейту мәселесі талқыланды. Baker Hughes компаниясы 174 атаудағы комплектілердің шығарылымын локализациялаған. Тағы 100-ге жуық позиция қазақстандық жеткізушілермен пысықталу сатысында. Сервистік қызметтердің 95%-ын енді қазақстандық бөлімшелер мен мамандар орындайды.
Тараптар серіктестікті жалғастыру, жабдықтарды мониторингтеу үшін цифрлық шешімдерді енгізу, газ өңдеу және көмірқышқылдан тазарту жобаларына қатысу ниеттерін растады.